АЙТ КҮНІ АЛМАТЫ ИМАМДАРЫ ЗИРАТТА МАРҚҰМДАРҒА ҚҰРАН БАҒЫШТАДЫ
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Рамазан айына арналған жоспары негізінде Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан бастаған имамдар айт намазынан соң арнайы зиратқа барып, марқұмдарға қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
Айт намазы оқылған соң қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы бастаған дін қызметкерлері кеңсай зиратына бет алды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының, мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтың, мәдениет қайраткері, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың, бұрынғы бас мүфтилер Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен Әбсаттар қажы Дербісәлінің, сонымен қатар театр мен киноның біртуар шебері болған марқұм Асанәлі Әшімовтың рухына құран бағыштап: «Уа, Алла Тағала, Сен аса Рақымдысың! Бақилық болған пенделеріңді мейіріміңе алып, марқұм болған жандардың рухын шат еткейсің. Бұл дүниеде еліміз үшін жасаған еңбектері мен игі амалдарын мол сауапқа айналдырғайсың. Артында қалған отбасына, ұрпағына Өзің жар болғайсың. Осында жерленген барша мұсылмандардың мәңгілік мекенін жәннаттан еткейсің. Елімізге амандық, жерімізге тыныштық беріп, тәуелсіздігімізді баянды ете гөр» деп дұға жасады имамдар.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі

















