АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ОРАЗА АЙТ НАМАЗЫН ОҚЫДЫ
Бүгін 20 наурыз Алматы тұрғындары қала мешіттерінде ораза айт намазын оқыды.
Қасиетті Рамазан айы аяқталысымен барша мұсылман халықтарының ең ұлық мерекесі ораза айт та келіп жетті. Осындай ұлық мереке күні Алматы Орталық мешіті таңғы намаздан бастап жамағатқа лық толды. Алла үйіне 7 000-ға жуық жиналған жамағатқа Қасиетті Құран аяттары оқылып, қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы «Ораза айт - ұлық мереке» тақырыбында уағыз айтты. Жиналған жамағатты ораза айт мерекесімен құттықтап, ел амандығы мен халқымыздың тыныштығы үшін дұға тілеп, бата жасады. Орталық мешіт ауласында ұлттық ойындардан сайыс өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ қаланың 56 мешітінде 105 000 ға жуық шаһар тұрғындары мерекені құлшылықпен бастап, екі ракағат айт намазы оқылды. Намаздан соң бір-бірін құттықтап, рамазан айындағы жасаған тағат-құлшылықтарының қабыл болуын тілеп: «Айт қабыл болсын!» деген құттықтау сөздерімен мерекелік көңіл күйге ұласты. Ыстық бауырсақ пен ұлттық дәм наурыз көже үлестірілді. Мешіт ақсақалдары бата беріп, ел амандығын тіледі.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі







































