АҚСАЙ МЕШІТІ РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІН АТАП ӨТТІ
Алматы қаласы Әуезов аудандық Ақсай мешітінің ұйымдастыруымен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айына орай тағылымы мол рухани Мәуліт кеші өтті.
Берекелі шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы арнайы қатысып, жамағатты қасиетті аймен құттықтап, Мәуліт айының қадір-қасиеті мен маңызына тоқталды.
Рухани кеш қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталған кеш жамағатқа ерекше рухани әсер сыйлады. Кеш барысында Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ-ға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған Мәуліт жыры оқылып, рухани бағдарлама жалғасын тапты. Иләһи әсерлі әндер кештің мазмұнын аша түсті. Сондай-ақ ұстаз Ерлан Ақатаев тағылымды уағыз айтып, ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ өмір жолы, көркем мінезі мен үмбетіне деген мейірімі жайында кеңінен баяндады.
Шара соңында жамағатқа арнайы әзірленген Мүфтият баспасынан жарық көрген «Пайғамбар Мәулітін атап өтудің шариғи дәлелдері» атты кітапша мен естелік сыйлықтар ұсынылды. Жамағаттың басын қосқан бұл рухани кеш Пайғамбарымызға ﷺ деген сүйіспеншілікті арттырып, оның өнегелі өмірін тануға, сүннетін ұстануға үндеген тағылымды басқосуға айналды.
Алла Тағала баршамызға ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ көркем мінезін үлгі етіп, сүннетімен өмір сүруді нәсіп етсін! Әмин!




























