АЛМАТЫЛЫҚ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚМДБ 35-ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізі қаланғанына 35 жыл толуына орай, ел ішінде дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп, халыққа діни-ағарту бағытында аянбай қызмет етіп жүрген имам-молдаларға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде Алматы қаласы бойынша бірқатар дін қызметкерлері ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалін Бас мүфти кеңесшісі, Жетісу ауданы «Вайнах» мешітінің бас имамы Алсабеков Мухаммад-Хусайн қажы Усманұлына табыстады.
Ұзақ жылдар бойы Алматы қаласы, Түрксіб ауданы «Түрксіб» мешітінде имамдық қызмет атқарған Мұхамедхажиев Ахмет қариға жолданған ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалін қаланың бас имамы Төлеби Оспан марқұм Ахмет қаридың ұлына табыстады. Өкінішке орай, Мұхамедхажиев Ахмет қари Астанада қаласында ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттау рәсімінен екі күннен кейін 88-жасқа қараған шағында қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жеткен еді. Мәуліт кештерінде мәуліт шәріп оқып, жамағат жүрегіне жеткізе білген марқұм Ахмет қаридың отбасына, туған-туыстарына, діни саладағы барша қызметкерлерге көңіл айту жеделхаты жолданды.
Естеріңізге сала кетсек, Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумы аясында бірқатар дін қызметкерлері ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған болатын. Соның ішінде Алматы қаласы, Медеу ауданы «Әл-Хамид» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Өмірзақұлы, Алатау ауданы «Мәдениет» мешітінің бас имамы Мейірман Саттарқұл ақсақалға табысталды.
Алматы өкілдігі баспасөз қызметі