АЛМАТЫ ЗИРАТТАРЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТЫЛДЫ (ФОТО)
Бүгін Алматы қаласы бойынша ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» мекемесінің ұйымдастыруымен шаһардағы зират орындары тазартылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бастамасымен «Өткенге құрмет-тіріге міндет» атты республикалық тазалық шарасы өткізілді. Сауапты да игі амалға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының ұйымдастыруымен қала мешіттерінің имамдары үлес қосты. ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлының жетекшілігімен қалалық Дін істер басқармасының қызметкерлері және сегіз аудан имамдары мен мешіттің дін қызметкерлері қатысты. «Qamqor-Sharapat» мекемесінің Алматы қаласындағы өкілі Талғат Сапанов, қала тұрғындары мен ерікті жастар әр ауданға қарасты зираттарды қоқыстан тазартты.
Жоғары деңгейде өткен шараға Алматы қаласы әкімдігінің ақпараттық және тазалық мекемесінің жүк тасмалдау техникаларымен қолдауы ұйымдастырылып, ҚМДБ тарапынан қабылданған «Зират және зиярат ету мәдениеті» құжаттары кеңінен түсіндіріліп, бабалар рухына Құран оқылып, дұға етілді.
Іс шараға қаладағы 54 мешіттің діни қызметкерлері мен ерікті жамағаттар қатысып, 7 мұсылман зират аумағы қоқыстар мен қураған шөптерден тазартылды. Сонымен қатар зират маңындағы ағаштардың қураған, сынған бұталары кесілді.
Игі шараға қатысқан барша азаматтарға Алла Тағала мол сауаптан жазсын.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі