Алматы: кезекті көшпелі жиналыс Медеу аудынында өтті (ФОТО)
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамалары мен Орталық мешіттің тапсырмаларының орындалу барысын сараптау және нәтижелерімен танысу мақсатында, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында, Алматы қаласы аудандарында көшпелі жиналыс өткізу жоспарланған-ды. Соған орай, кеше Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлының қатысуымен мешіт қызметкерлеріне арналған кезекті көшпелі жиналыс Медеу ауданында өтті.
Омар ибн әл-Хаттаб мешітінде өткен жиынға Алматы Орталық мешітінің қызметкерлері мен Медеу ауданы мешіттерінің бас имамдары, наиб имамдары, іс басқарушылары және азаншылары қатысты.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Жиналыста ҚМДБ және Алматы Орталық мешіті тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысына талдау жасалды. Сондай-ақ, дін қызметкерінің тұлғалық келбеті мен жамағатпен жұмыс жасау әдебі, мешіттің тыныс-тіршілігі мен ішкі-сыртқы тәртіп мәселелері талқыланды.
Бас имам өз сөзінде ағымдағы жылда атқарылған істердің бір парасына тоқталып, атқарылған игі істерге оң бағасын берді. Алдағы уақытта атқарылуға тиісті жоспарлардың жай-жапсарын түсіндірді. Сонымен қатар, жыл басынан ҚМДБ-ның төрасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен жоғары деңгейде өткен шараларға бірме-бір тоқталды.
Сосын Аманқұл ата мешітінің наиб имамы Оралкенұлы Данабек аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, мешіт істерін үйлестіру бойынша баяндама жасады. Ал, Райымбек батыр мешітінің бас имамы Тәттібаев Мади діни қызметтегі жауапкершілік пен имамның тұлғалық келбетіне қатысты өз ұсыныс-пікірін ортаға салды.
Ал, Алматы Орталық мешітінің іс басқарушысы және Медеу ауданының кураторы Ержан Назарбек жыл басында берілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстарына сараптама жасап, баяндама оқыды.
Соңынан бас имам аудан мешіттерінің жұмысына оң баға беріп, кейбір олқылықтар мен кемшіліктерге тиісті сын-ескертпелерін айтты.
Azan.kz