Алматы: кезекті көшпелі жиналыс Түрксіб ауданында өтті (ФОТО, ВИДЕО)
Кеше, Алматы қаласының Түрксіб ауданына қарасты Фирали Ферғанұлы мешітінде дін қызметкерлеріне арналған кезекті көшпелі жиналыс болып өтті.
Бұл жиынға Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Орталық мешіт қызметкерлері және Түрксіб ауданы мешіттерінің бас имамдары, наиб имамдары, іс басқарушылары және азаншылары қатысты.
Басқосуда ағымдағы жылы ҚМДБ және Алматы Орталық мешіті тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысына талдау жасалып, дін қызметкері мен жамағаттың арақатынасы, мешіттердің тыныс-тіршілігі мен ішкі-сыртқы тәртіп мәселелері талқыланды.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Бас имам өз сөзінде, жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы хазреттің қолдауымен іске асырылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, көшпелі жиналыстың мән-маңызына тоқталып, діни қызмет пен мешіт істерін үйлестіру бойынша ойын айтты.
Сосын Фирали мешітінің наиб имамы Айпов Мұхтар аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Ал, Ар-Рахмим мешітінің бас имамы Тәджиев Абдулқадыр өзі басқарып отырған мешітте жыл басынан атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
Алматы Орталық мешітінің ұстазы Берік Үйсінбаев жыл басында бекітілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстарына сараптама жасап, баяндама оқыды.
Соңынан Бас имам Түрксіб ауданының жақсы көтсеткіштеріне оң бағасын беріп, кейбір олқылықтар мен кемшіліктерге тиісті сын-ескертпелерін айтты.
Azan.kz