АЛМАТЫ ИМАМДАРЫНЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ
ҚМДБ Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2024 жылға арналған бағдарлық баяндамасы, мүфтият жоспары мен Алматы өкілдігінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстыру жиыны өтті.
Жиынға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы және аудан имамдары, өкілдіктің тәртіптік кеңес мүшелері мен шаһар мешіттерінің имамдары қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкеріне бағдарламалық баяндамасын жолдаған болатын. 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, бес бағыт бойынша, атап айтсақ Дін мен дәстүр, Ізгі қоғам, Ихсан және Насихат, Діни оқу-ағарту, Жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттарына басымдық беретінін атап өтті.
Сонымен қатар қаланың бас имамы Төлеби Оспан мүфтият бекіткен тақырыптар аясындағы медиа-жоспар бойынша мақала, видео-дәрістер дайындау,«Уақып» және «Қамқор-Шарапат» жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Мүфтият жоспары негізінде қала имамдарының біліктілігін арттыруда хадистен арнайы курстар ұйымдастыру керегін айтты. Сондай-ақ дәстүрлі исламды насихаттауда түрлі іс-шаралар жоспарға енгізілгенін жеткізді. Жиында Алмалы ауданының бас имамы Ерсін Әміре қабылданған пәтуаларды насихаттаудың маңыздылығы жайлы сөз сөйлесе, «Бағдарлық баяндама діни қызметтегі маңызды қадамдар» тақырыбында «Бәйкен» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы баяндама жасады. Өкілдік жанынан құрылған «Әдеп» кеңесінің атауы «Тәртіптік кеңес» болып өзгертіліп, қызметтік тәртіпті сақтау турасында осы кеңестің мүшесі Бекзат Сыздықов сөз сөйледі. Айтулы шаралар мен қайырымдылық бағыты бойынша жауапты маман Көптілеуов Бауыржан алдағы жоспарлармен бөлісті.
«Бас мүфти биылғы жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін. Сол жолда асыл дінімізді дәріптеуге және қала имамдарын ұйымшылдықпен қызмет атқаруға шақырамын», - деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.
Алматы өкілдінің баспасөз қызметі