«ҮЗДІК АУДАН - 2024»: АЛМАТЫЛЫҚ БІРҚАТАР ИМАМДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Алматы имамдары мүфтият бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» атауымен 2024 жылды қорытындылап, 5 бағыт негізіндегі жоспарға сай бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырған аудандық мешіт имамдарын марапаттады.
Дін қызметкерлерін ынталандыру мақсатында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан «Үздік аудан-2024» номинациясы бойынша белсенділік танытқан 3 ауданды марапаттап, қаржылай сыйақы табыстады. Атап айтсақ:
І орын Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітінің ұжымына;
ІІ орын Алатау ауданы «Бекет ата» мешітінің ұжымына;
ІІІ орын Жетісу ауданы «Әл-Мадина» мешітінің ұжымына жыл бойы жоғары нәтиже көрсетіп атқарған еңбегі үшін табысталды.
Сонымен қатар мүфтият бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясындағы 5 бағыт негізінде белсенділік танытқан бірқатар қала имамдары мен ұстаздары да марапатталды. Атап айтсақ, Наурызбай ауданы «Әбу-Бәкір» мешітінің наиб имамы Ердәулет Құдайбергенұлы, Түрксіб ауданы «Фирали Ферғанұлы» мешітінің ұстазы Сиражуддин Абдулғаппарұлы, Медеу ауданы «Нұрлы» мешітінің бас имамы Қасым Әшімов, Жетісу ауданы «Әл-Мәдина» мешітінің ұстазы Айнұр Шәймерденқызы, Алатау ауданы «Қарасай батыр» мешітінің найб имамы Досбол Сәбитұлына қаржылай 50 000 теңгеден сыйақы берілді.
«Алматы өкілдігі бойынша барша имамдардың адал еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Мүфтият бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында жылдық жұмыс жоспарымен айтулы шараларда әр аудандағы мешіт имамдарының үлесі бар. Ел руханияты үшін келер жылдарда да аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін. Алла разы болғай!», - деп түйіндеді бас имам.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі