АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ МЕШІТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Қыркүйектің 29-жұлдызы «НАРХОЗ» университеті стадионында «Асыл мұра» бағдарламасының қолдауымен Алматы қаласының мешіт қызметкерлері арасында спартакиада болып өтті.
Спартакиаданың басты мақсаты – мешіт қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және «әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман абзалырақ» деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисін үлгі тұтқан үздік ұжымдарды анықтау болды.
Жарыс шағын-футбол, армрестлинг, үстел теннисі, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ және шахмат спорт түрлерінен өткізілді. Оған Алматы қаласының мешіт қызметкерлері мен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қызметкерлерінен жасақталған командалар қатысып, өзара бақ сынасты.
Айтулы шарада арнайы сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы бүгінгі спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілеп, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Ал, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Кекинов Нұрлан да мұндай шараның мешіт қызметкерлері арасында өтіп жатқанына ризашылық сезімін білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.