Алматы: «Алғабас» мешітінің жаңа ғимараты бой көтерді (ФОТО)
Бүгін, Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты «Алғабас» мешітінің бір уақытта 1200-ден астам адам намаз оқи алатын жаңа ғимараты бой көтеріп, салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның бірінші төраға орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасабеков Қасым, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков және Алматы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек қари Шоқай қатысты.
Мешіт Болат Назарбаевтың қолдауымен ашылған «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының демеушілігімен салынды.
Ең алдымен, наиб мүфти дәстүрге сай Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы оқыған Құранға бата жасап, Алла үйінің ашылу тойына жүрекжарды лебізін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
Наиб мүфти өз сөзінде мешіт салудың сауабы мен оның қоғамға тигізер пайдасын айтып, Алла үйінің бой көтеруіне тікелей септігі тиген Болат Назарбаев пен «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына үлкен алғыс білдірді. Сонымен қатар, Алғабас мешітің бас имамы Сәкен Амангелдіұлына ҚМДБ-ның атынан алғыс хат пен сыйлық табыстады.
Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков қала көркіне көрік сыйлайтын құлшылық орындарының көптеп салынуы – қоғамның тұрақтылығы мен адамдардың рухани дамуына, діни сауатын аттыруға пайдасы мол екенін жеткізді.
Ал, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков мырза да ел қуанышына ортақтасып, құтты болсын айтты.
Сосын жаңа мешіттің лентасы қиылып, шашу шашылды. Жамағат ішке кіріп, екі бас сәлем намаздарын өтеді.
Наиб мүфти жиналған жамағатқа Жұма уағызын айтты. Сөйтіп бүгін жаңа мешітте алғашқы Жұма намазы оқылды.
Мешіт туралы ақпарат:
2018 жылдың 1 қаңтарында бастау алған мешіт құрылысы 1 жыл 9 айдың ішінде аяқталды. Мешіт екі қабаттан тұрады: мұнда дәрісханалар, әйелдер намазханасы және сыртта да іште де дәрет алатын бөлмелер бар. Мешіттің күмбездері 18 метр. Айналасы көгалдандырылған. Тұрғындарға сауат ашу курстары қарастырылған.
Мешітте барлығы төрт адам – бас имам, екі наиб имам мен бір ұстаз қызмет көрсетеді. Іргелі мен Алғабаста 17 мың халық болса, бұл сол халыққа ортақ жалғыз мешіт.
Бір ескерте кететіні, бұған дейін алғабастықтар ескі, бір қабатты, шағын мешітте намаз оқып келген еді. Ал, бүгінгі ашылған жаңа мешіт – Алланың ұлы нығметі екендігі сөзсіз.
Azan.kz
Төмендегі суретте "Алғабас" мешітінің ескі және жаңа ғимараттары қатар берілген