АЛМАТЫ ИМАМДАРЫ 2024 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында бағдарлық баяндамасында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялаған болатын. Алматы өкілдігі аталмыш жыл аясында бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Осыған орай, мүфтият бекіткен 5 бағыт негізіндегі жоспарға сай Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы өкілдікке қарасты 8 аудан имамдарының жылдық есебін тыңдап, 2024 жылы атқарылған жұмыс барысын қорытындылады.
Жылдық есеп жиыны қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Әр аудан имамдары мешіттердің жыл бойы атқарған жұмысын жинақтап, орындалу деңгейін слайд арқылы көрсетті. Әр аудан имамы жыл басында жоспарланған жұмыстардың орындалу барысын баяндап, 5 бағыт аясында атқарылған ауқымды іс-шараларының есебін берді.
Сондай-ақ, Алматы Орталық мешітіндегі бағыттарға жауапты найб имамдар 8 ауданның жылдық жоспарды орындау деңгейіне қарай аудандық мешіттердің көрсеткіштерімен таныстырды. Кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар Алматы қаласы Дін істері басқарамсының басшысы Нұрлан Қиқымов қала бойынша діни ахуалға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. ҚМДБ «Тәртіп» кеңесінің Алматы қаласы бойынша өкілі Байұзақ Бекмұратов кеңестің жұмысына тоқталып, имамдардың қызмет барысындағы этикасы жайлы сөз қозғады.
Қала имамдарының еңбегі елеусіз қалмады. Дін қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Үздік аудан-2024» номинациясы бойынша белсенділік танытқан 3 ауданды марапаттап, қаржылай сыйақы табысталды. Сонымен қатар мүфтият бекіткен 5 бағыт негізінде белсенділік танытқан мешіт имамдарына да қаржылай сыйақы үлестірілді.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі