ТЫҢ СЕРПІН БЕРГЕН СЕМИНАР
23-24 қазан күндері ҚМДБ-ның Алматы қаласы өкілдігінің ғимаратында еліміздің ақпарат саласында қызмет етіп жүрген баспасөз хатшылары мен сайт жетекшілеріне ақпарат саласын дамыту, жетілдіру мақсатында екі күндік семинар өтті.
Келелі басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің семинарға қатысушыларға сәттілік тілеп, діннің қоғамдық санаға әсер ету жағына баса назар аудартты.
Сонымен қатар, ҚМДБ ғаламтормен жұмыс секторының меңгерушісі Мұрат Манапұлы ғаламтор саласы бойынша жұмысты жетілдіруге бағытталған ҚМДБ-ның арнайы тұжырымдамасын таныстырды. Ал, ҚМБД баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы ақпаратты таратудың әдіс-тәсілдері жөнінде бірқатар нұсқаулар берді.
Семинардың екінші күні еліміздің белді басылым өкілдерімен тәжірибе алмасуға арналды.
Дін насихаты жолында қалам тербеп, халықты рухани сусындатуға сүбелі еңбек сіңіріп жүрген семинар қатысушыларының отырысына белгілі қаламгер, «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбеков, Zakon.kz порталының арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсейітов және Qamshy.kz порталының тілшісі Жазира Байдалы қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Ағалық ақылын айтып, баспасөз саласының сырларына қанықтырған Жүсіпбек ағаның кеңестері баршаға айрықша әсер етті.
Сын-пікірлер мен ортақ ұйғарымдар, өзара сұрақ-жауаптармен жалғасқан кездесу діни ақпарат саласы мамандарына тың серпін беріп, шабыттандырғаны анық.
Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі