«ҚЫЗ ӨССЕ ЕЛДІҢ КӨРКІ» ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДАРҒА РУХАНИ КЕШ ӨТТІ
ҚМДБ «Әйел-қыздар секторы» Алматы қаласы бойынша өкілдігі Жетісу ауданы «Әл-Мәдина» мешіті «Инабатты қыздар» клубы рухани кеш ұйымдастырды.
«Қыз өссе елдің көркі» атты қыз балалар тәрбиесіне негізделген мектеп оқушыларына арналған кешке мешіт шәкірттері, «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері және тағы басқа 80-ге жуық оқушы қыздар аналарымен бірге қатысты. Рухани жиынды «Әл Мәдина» мешітінің ұстазы Айнұр Шаймерденқызы жүргізіп, «Бәйкен» мешітінің ұстазы Анар Қасымқызы «Қыз баланың әдебі мен ортада өзін дұрыс ұстай білу этикеті» туралы насихат айтты. Қыз-келіншектер денсаулығы саласында эксперт Лаура Сейітбек «Қыз баласының денсаулығы және гигиеналық тазалығы» жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Кеш барысында қызықты ойындар ойнатылып, сыйлықтар таратылды. Кездесу соңында «Таугүл» мешітінің ұстазы Назерке Әбдіраш «Алқа» клубының қыздарымен бірге қыздарды құттықтап, клуб атынан жазба блокноттарын сыйға тартты.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі