ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қажылыққа баратындар үшін жадынама жариялады. Қажылыққа жыл сайын әлемнің 160 елінен 2 млн. астам адам қатысады. Қазақстан тарапынан биылғы қажылық маусымына 3000 қажы қатысады.
«2000 жылдары қажылық кезінде менингококк инфекциясының өршуіне байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің денсаулық сақтау министрілігінің қажыларды қажылыққа дайындау мәселесіне қоятын маңызды талаптарының бірі дәрігер қорытындысымен медициналық тексеруді жүргізу және міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялау болып табылады. Профилактикалық егулер туралы мәліметтер визаны ресімдеу кезінде және Сауд Арабиясына кірерде ұсынылатын тиісті сертификаттарда көрсетілуі тиіс», -делінген хабарламада.
ДСМ Комитеті қажылық кезінде адамдар көп жиналатын жерлерде болған кезде келесі жеке профилактика шараларын ескеруге кеңес береді:
- қолды сабынмен жиі жуу, дезинфекциялайтын сулықтарды пайдалану;
- жөтелген және түшкірген кезде сулықты пайдалану;
- ауырған адамдармен қарым-қатынаста болмау және олардың жеке заттарын пайдаланбау;
- адамдар көп жиналатын жерлерде мүмкіндігінше бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
- түйелер көп жиналатын жерлерге жақындамау және олармен тікелей жанаспау;
- қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін пайдаланбау, сондай-ақ ұйымдастырылмаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау;
- өзін жәйсыз сезінудің кез келген белгілері пайда болған кезде дәрігерге жүгіну;
- сапардан қайтып келген кезде және аурудың кез келген белгілері (қалтырау, дене қызуының көтерілуі, әлсіреу, тамағының ауруы және басқалар) пайда болған жағдайда жақында қажылыққа барғандығы туралы дәрігерді хабардар ете отырып, дереу медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі