Қасым-Жомарт Тоқаев Рамазан айының басталуымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады. Бұл туралы Президенттің Баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ, Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады. Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шаралар жасалуда. Еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырамын. Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз. Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!» деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізге амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.
Президенттің Баспасөз қызметі