Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр мүфтиімен бірқатар мәселені талқылады (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Каирде Мысыр мүфтиі Шауқи Алламмен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады.
Кездесуге Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қатысты.
Бір сағатқа созылған кездесуде мұсылман жамағатын алаңдатқан мәселелер, атап айтқанда, ипотекамен үй алу, діни мерекелерді бекіту, өз елінде кең тараған мәзһабты ұстану сынды жағдаяттар жан-жақты талқыланды. Тараптар осы бағытта ортақ пәтуа қабылдауға уағдаласты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр мүфтиі Шауқи Алламға ізгі ниетін жеткізіп: «Сіз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамаларына қолдау көрсетіп келесіз. Осы ретте Сізге ерекше ілтипатымды жеткіземін.
Мысыр елі жыл сайын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 25 білім грантын бөледі. Мысырда білім алып келген дін ғалымдары еліміздің игілігі мен Ислам дінінің дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Бұл келісім екі елдің діни саладағы байланысын арттыра түсті. Бұл бағыттағы әріптестік байланысымыз жалғаса береді деген сенімдемін» деп атап өтті.
ҚМДБ Төрағасы Мысыр мүфтиін «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медальмен марапаттап, арнайы алғыс хатын табыстады.