НАИБ МҮФТИ ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Алматы Орталық мешітінде жұма уағызын жүргізді.
Бүгін 20-мамыр қасиетті жұма күні еліміз бойынша барлық мешіттерде "Уақып - сарқылмас қазына" тақырыбында уағыз айтылды. Алматы Орталық мешітіне жиналған жамағатқа наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып екені жайында тоқталды. Уақыптың адамның жеке басына, қоғамның дамуына тигізер пайдасы өте үлкен екенін, сонымен қатар уақыптың мән-мағынасы мен маңыздылығын тереңірек түсіндірді.
Уақыптың зекеттен айырмашылығы мен түрлерін кеңінен тарқатып айтты. "Халқымыз: "Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі", – демекші, Алла Тағала баршаларымызды қоғамға пайдалы етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-ниеттерімізді қабыл етсін!", - деді наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы. Жамағатпен жұма намазы оқылып, марқұмдарға құран бағыштады. Ауырып, дертіне ем іздеген барша жандарға шипа сұрап, дұға жасалды. Ел амандығы мен тыныштығы үшін бата оқылды.
Жұма қабыл болсын!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі