Мәскеу емханаларында намазханалар ашылуда
Таяу уақытта Ресей астанасындағы емханаларда мұсылмандар үшін құлшылық ететін қосымша бөлмелер саны екі есеге артатын болады. Бұл туралы «Мәскеу» жаңалықтар агенттігіне қала мүфтиі Ильдар Аляутдинов мәлімдеді.
«Бүгінгі күнде Мәскеуде 10 емдеу мекемесінде көпконфессиялы бөлмелер бар. Жекелеген бөлмелер құлшылық етуге арналған. Наурыз айының соңында Н.Блохин атындағы онкологиялық орталықта құлшылық бөлмесі ресми түрде ашылды. Ал кеше Мәскеу наркология ғылыми-практикалық орталығында намазхана ашылып, оның бір бөлігі – ерлерге, бір бөлігі – әйелдерге берілді. Келесі аптада мінәжат бөлмесі Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің «Балалар денсаулығы – Ұлттық медициналық зерттеу орталығында» ашылады. Таяу жылдары емханалардағы намазханалар санын көбейті жоспарлап отырмыз. Егер қоғамнан қажеттілік туса біз медициналық мекеме басшыларымен келісе отыра намазханалар санын екі есеге дейін көбейтуге дайынбыз»,- дейді мүфти.
Ильдар Аляутдинов ауруханалардағы намазхана бөлмелері емделушілердің өтініштері бойынша ашылып жатқанын атап кетті. Сондай-ақ Мәскеу мұсылмандары діни басқармасы емдеу клиникаларында тек намазхана ашумен шектелмей, имамдардың тұрақты түрде сол жерлерде қызмет етуіне мүмкіндік жасап келеді. Дін қызметкерлері емханадағы намазханаларға бірнеше сағатқа өтініштер негізінде келіп дәріс өтеді.