ХІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАРИЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕРЕБЕ ТАРТУ РӘСІМІ ӨТТІ (ФОТО)
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде ХІ республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауының жеребе тарту рәсімі өтті.
Жеребе тарту рәсіміне ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков қатысып, қариларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар байқау шарттарын қосымша ескертіп өтті.
Екі күнге жалғасатын байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 80 үміткер қатысуда. Аймақтық іріктеу кезеңдерінен оқ бойы оза шапқан сайыскерлер 4 аталым, яғни Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу, сондай-ақ мәнерлеп оқу бойынша сынға түспек. Бүгінгі жеребе тарту рәсімі барысында үміткерлердің реттік нөмірі белгілі болды.
Қарилар байқауы Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өтеді және жалпы жұртшылыққа Діни басқарманың «Munara TV» телеарнасы мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан, сонымен бірге @muftiyatkz инстапарақшасынан тікелей көрсетілім ұсынылады.
Айта кетсек, осынау дүбірлі додада Алматы атынан сайысқа түсетін қарилар бар.
Баубек Бердіғалиұлы мәнерлеп оқудан
Нығматулла Сауранбекұлы 30 парадан
Абдулбақи Сауранбекұлы 20 парадан
Розихан Садриддинұлы 10 парадан бақ сынасатын болады. Ендеше қариларымызға сәттілік тілейміз! Жаратқан Алла жар болғай!