Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті дінтанушы, қоғам қайраткері, ғалым Әбсаттар Дербісәлінің өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Әбсаттар қажы Бағысбайұлының саналы ғұмырын ғылым жолына, діни ағарту саласына арнаған парасаты биік, пайымы жоғары, ақжарқын азамат болғанын атап өтті.
Жеделхатта көрнекті дінтанушының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы қызметін атқарған кезде мүфтият жұмысын жаңа деңгейге көтеруге, елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісімнің нығаюына зор үлес қосқаны айтылған.
Нұрсұлтан Назарбаев Әбсаттар Дербісәлінің ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.