«ДІН МЕН ДӘСТҮР ІІІ» КІТАБЫ АЛМАТЫЛЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМҒА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабының таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Игі басқосуда сөз алған Бас мүфти: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір әлем елдері өзінің салт-дәстүрін, діні мен ділін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында халықтың дәстүрлі құндылықтарын сақтап қалу маңызды мәселеге айналды.
Қоғамда дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу мақсатында діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Осы бағытта бірнеше жобаларды қолға алдық. Атап айтқанда, ҚМДБ жанынан «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылды, «Muftiyat» баспасынан «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам (ғылыми-теологиялық талдау)», «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» сынды бірқатар еңбектер жарық көрді. Алланың жәрдемімен «Ислам энциклопедиясын» шығардық.
Дін мен дәстүр сабақтастығын ұдайы насихаттау бағытында қолға алған жобаларымыздың бірі «Дін мен дәстүр» кітабының үшінші бөлімін шығару болатын. Бұл көптен бері көкейде жүрген игі іс еді. Еңбекте асыл дініміз Ислам мен ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыстық ғұрпында қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз жан-жақты қамтылды» деп атап өтті.
Айта кетсек, еңбекте халқымызда қалыптасқан тыйымдар мен дәстүрлердің діни негізі сараланған. Кітап дін саласы мен халқымыздың салт-дәстүрлерін зерттеуші мамандарға, мәдениеттанушыларға, сондай-ақ жалпы оқырман қауымға арналады.