Бас мүфти жұқпалы індеттен қайтыс болған марқұмның туыстарына көңіл айтты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұқпалы індеттен қайтыс болған марқұмның туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұжымы атынан қайғыларыңызға ортақтаса отырып, көңіл айтамын. Алла Тағала марқұмды мейіріміне бөлеп, алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде жұқпалы індет кезінде сабыр сақтап, тек Аллаға тәуекел етіп, тағдырға иман еткен мұсылманға шейіттің сауабындай сауап жазылатынын айтқан. Марқұмға осындай сауап жазылуын Жаратқаннан үміт етеміз. Қазаның арты қайырлы болғай. Әмин» делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.
Айта кетсек, елімізде жұқпалы індеттен 64 жастағы Ақмола облысының тұрғыны қайтыс болғаны туралы қаралы хабар тарады. Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, еліміз пен жерімізді өз панасында сақтағай.