Бас мүфти жант мүшелеріне дәріс оқыды (ФОТО)
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жергілікті ақпараттық-насихат тобы мүшелеріне онлайн режимде дәріс оқыды.
«Уағызшы – діннің асыл құндылықтарын халыққа жеткізуші тұлға. Уағызшы дегеніміз – ұстаз. Демек дін қызметкері – мұсылман жамағатын тәрбиелеуші тұлға. Бұл – пайғамбарлардан қалған мирас. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен мұғалім ретінде жіберілдім» деген. Демек уағызшы – ізгілікті үйретуші ұстаз.
Біз кешегі өткен рухани шамшырақтарымыздың ізін жалғайтын ізбасар болуға әрекет етуіміз керек. Дін мен дәстүрімізді сабақтастырып, бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген имандылықты өскелең ұрпаққа жеткізуде ерекше қызмет етуіміз керек. Алла Тағала елімізге амандық, Отанымызға тыныштық берсін. Баршаңыздың жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.