Бас мүфти азаншылар жарысының жеңімпаздарын марапаттады (ВИДЕО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай Ақтау қаласында ұйымдастырылған «Әдемі әуезді азаншы» республикалық ІV азаншылар жарысы қорытындыланды.
Осымен төртінші рет өткен жарыста қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Ерлан Битенов жеңіп алса, екінші орын Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының наиб имамы Әбділмүтәліп Жорақұлұлына бұйырды. Ал үшінші орынды Алматы қаласындағы «Нұр Мүбарак» мешітінің азаншысы Ақназар Маратұлы қанжығасына байлады. Жамбыл облысынан келген Жалғасбай Жұбатқанов, қарағандылық Сағындық Ахмедиянов пен қызылордалық Бекзат Жүсіпұлы ынталандыру сыйлығына ие болса, жеңімпаздарды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марапаттап, ақ тілегін айтты.
– Қазақта «Құдайға жағам десең, азанды бол, халыққа жағам десең, қазанды бол» деген сөз бар. Азан – шариғатта үкімі бекітілген сүннет. Азанның дұрыс болуы, мақамның әдемілігі өте маңызды. Азаншылар жарысының мақсаты да олардың кәсібилігін арттыру, әдемі айту ғана емес, азанның шарттарын да білу керек. Әлемді жайлаған пандемия кезінде мешіт есіктері жабылғанымен, азан айту тоқтаған жоқ. Мешіттерде бес мезгіл азан үні шарықтап тұрды. Азан айтылған жерді Алла Тағала түрлі жамандықтан сақтайды. Лайым, әдемі әуезді азаншылар көп болып, халқымыздың имандылығы артып, жерімізде тыныштық болғай, - деді Бас мүфти.
Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы азаншылар жарысын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар екенін айтты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен, сондай-ақ, жарысқа қатысушылар мен демеушілер арнайы алғыс хатпен марапатталды.