Бас мүфти ата-анасыз қалған балаларға жәрдемдесті (ФОТО)
Бүгін қасиетті Жұма күні ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ата-анасынан айырылған бес баланы зиярат етті.
Қайырымдылық шарасына ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, «Зекетжәне қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов және қордың мамандары қатысты.
«Рамазан – бұл игі істерді молынан жасайтын ай. Бұл айда сауаптар еселенеді. Жетімдік те – Алланың сынағы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі ата-анасыз өсті. Мына дүниеге оны Алла Тағала рақым етіп жіберді. Міне әрбір сынаққа мойымай, керісінше күресе білу керек. Діни басқарма жанындағы «Зекет» қоры өздеріңе көмектесіп келеді екен. Дінімізде зекет берудің маңызы зор. Алла Тағала сендердің де зекет беріп, садақа жасайтындай жағдайға жетулеріңді нәсіп етсін» деп батасын берді Бас мүфти.
Рамазан айында «Зекет және қайырымдылық» қоры асыраушысынан айырылған отбасына азық-түлік, қажетті киім-кешек жеткізді. Қор директоры Талғат Омаровтың сөзінше соңғы 3 жылда балалардың қысқы-жаздық киімдері, ортаншы ұл Нұрдәулеттің оқу ақысын төлеу, айлық азық-түлігін жеткізу де қордың үлесінде екен. Әкесі дүниеден озған соң анасына бұл пәтер жалдамалы ретінде берілген. Кейін бес бала ата-анасыз қалған соң пәтер толығымен беріліпті. Дегенмен қажетті жиһаздың бәрін «Зекет және қайырымдылық» қоры жеткізіп берген.