Бас мүфти Арапа күні бір мезетте бір дұға жасауға шақырды
Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық Азия елдерінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары, қариларды және барша мұсылман қауымын 30 шілде, бейсенбі күні бесін намазының уақытында «Бір мезетте – бір дұға» атты игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір уақытта алақан жайып, дұға жасауға шақырды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн» десе, тағы бір хадисінде «Дұғаның абзалы – Арапа күнінің дұғасы және мен әрі менен бұрын болған пайғамбарлардың айтқан дұғаның абзалы – Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Иелік және мақтау Алла Тағалаға тән әрі Ол барлық нәрсеге құдіретті» дейді.
Ендеше Алла Тағала қадірлеген Арапа күні бесін намазының уақытында Жаббар иемізге мақтаулар, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеп салауат айтып, еліміздің амандығын, заманымыздың тыныштығын тілеп, дұға етейік!