Бас мүфти Абай мұрасына арналған республикалық конференцияға қатысты (ФОТО)
Бүгін Семейде ҚМДБ мен Шәкәрім атындағы университеттің ұйытқы болуымен «Хакім Абай мұрасының Ислам құндылықтарымен сабақтастығы» атты республикалық конференция өз мәресіне жетті.
Айтулы жиынға университет ректоры Мейір Ғариполлаұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім, Семей қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұржан Есенжолов, профессор Арап Сіләмұлы мен жергілікті имамдар қатысты.
Алғаш сөз алған ректор Абай мұрасы, оның бүгінгі қоғамдағы маңыздылығы турасында айта келе, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ҚМДБ-ға өз алғысын жеткізді. «Абай мен Шәкәрім еліне қош келдіңіздер. Қойнауына құт қонған өлкеде осындай алқалы жиынды ұйымдастыру үлкен бақыт. Құрметті бас мүфти, Жидебайға жасаған зияратыңыз қабыл болсын! Игі шара оңынан өтсін!» деп түйіндеді сөзін Мейір Ескендіров.
Сондай-ақ конференция барысында арнайы баяндама жасаған Бас мүфти: «Хакім Абай Алланы тану, оның сипаттарын білу үшін ғылымды меңгер деді. Білімді болу арқылы ғана біз кемелдікке жетеміз. Өздеріңізге мәлім Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ІІІ республикалық имамдар форумын өткізді. Осы форумда Қазақстан мұсылмандарының «Жеті қазық» рухани тұғырнамасы қабылданды. Соның ішінде Білімділікті арнайы 7 рухани қазыққа енгіздік. Қасиетті Құранның да алғашқы аяты Оқы деп түскенін жақсы білесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал» деген болатын. Сондықтан біз халық үшін аянбай қызмет етуіміз керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар игі шарада абайтанушы ғалымдар Абай мен Шәкәрім, әл-Фараби мұрасы жөнінде баяндама жасады. Ал конференция соңында жиынның үндеуі қабылданды.