Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» кітапханасында, «Қазіргі Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім моделі» атты тақырыпта Алматы қалалық ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті.
Бұл басқосуға қазақстандық белді дінтанушы ғалымдар мен студенттер, Алматы қалалық өзге дін өкілдері және Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы қатысты. Олар тақырыпқа сай өз ойларын білдіріп, баяндама оқыды. Сонымен қатар, қазіргі Қазақстандағы этносаралық, конфессияаралық, дінаралық дүрдараздықтың алдын алу мен өзара келісімге келудің жолдары көрсетілді.
Конференция барысында сөз алған Алматы Орталық мешітінің Бас имамы «Исламдағы дінаралық келісімнің орны» атты тақырыпта баяндама жасады. Ол өз сөзінде: «Адамзат қоғамы өзара диалог жүргізуге аса бейілді. Тіпті жиырмасыншы ғасырда, диалог жеке көтеріліп, ең өзекті мәселе болып қарала бастады. Сонымен қатар бұл үрдіс барысында дінаралық диалог жолға қойылып, әлем халықтарының арасында келісім орнату мақсатымен түрлі шаралар өткізілуде. Соның айғағы ретінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында үш жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін айтуға болады. Бұл бастама әлем жұртшылығының тарапынан кең тұрғыда қолдау тауып отыр. Діні мен мәдениеті әртүрлі ондаған елдердің діни өкілдері қатысып келеді. Олардың арасындағы өзара сұхбат татулық пен түсіністіктің дәнекері екені бүкіл әлемге жария етілді» – деп бүгінгі конференцияның маңызды тұсына назар аудартты. Әрі мұндай басқосулардың елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға жасалған сәтті қадамдардың бірі екенін тілге тиек етті.
Баяндаманың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі