Құрбан айт мерекесі – Алла разылығына жетелейтін ізгі амалдар мен мол сауаптар жасау науқаны. Бұл күндері көптеген игі шаралар атқарылып, адамдар бір-бірін зияраттап, айтпен құттықтайды. Өзара ренжіскендер татуласып, көңілдегі кірбіңдер кетеді. Сөйтіп елдің ынтымағы артып, құт-береке орнайды.
Құрбан айттың тағы бір ерекше тұсы – құрбандық шалу және шалынған құрбандық еттерін мұқтаж жандарға үлестіру. Сол арқылы оларға қуаныш пен шаттық сыйлау.
Соған орай биыл Алматы қаласы бойынша Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде өтті. Мерекенің негізгі жөн-жоралғыларын атқаруда Алматы қаласы мешіттері мен Алматы Орталық мешіті жанындағы «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығы жақсы нәтижелер көрсетті. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігі тарапынан құрбан шалуға рұқсат етілген 22 орында айт күндері құрбандық рәсімдері орындалды. Жалпы есепте, әлеуметтік аз қамтылған 8954 отбасыға және қарттар үйі, жетімдер үйі, зағиптар одағы сынды 34 мекемеге 45 тонна 451 кг ет үлестірілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі