БАС ИМАМ КӨКҚАЙНАР МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Бүгін, Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты «Көкқайнар» мешітінің жамағатымен жүздесіп, жұма уағызын айтты.
Бас имам өз сөзінде имандылықтың мейірім, әділдік, қайырымдылық сынды жемістерін атап өтіп, біздерді екі өмірлік бақытқа жетелейтін, жанымызды тыныштыққа бөлейтін иман байлығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық түрлі дерттер мен бақытсыздықтардың түп-тамыры имансыздықта жатқанын атап өтті.
Әрине, иманды, адамгершілігі мол, гуманизмге тұнып тұрған қоғамды – осы аталған қасиеттер бойынан табылған адамдар құрайтыны белгілі. Сондықтан да адам баласы имандылық жемістерінен рахат табуы үшін, адам бойына егілетін иман-дәндері құнарлы болу керек.
Содан Жұма намазы оқылып, марқұмдарға Құран бағышталды. Қарияларымыз ел-жұртымызға, мешіт жамағатына қол жайып дұға жасады.
Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі