Алматыда Құран жарысының іріктеу сайысы өз мәресіне жетті (ФОТО)
Бүгін, ҚМДБ-ның Алматы қаласы өкілдігі ұйымдастыруымен, Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ІХ республикалық Құран жарысының Алматы қаласы бойынша іріктеу сайысы "Д.Қонаев" мешітінде өз мәресіне жетті.
Додалы жарыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу секілді 4 номинация бойынша ұйымдастырылды.
«Қайрат» мешітінің ұстазы, қари Серік Ахметовтың әуезді Құран оқуымен басталған жарысты Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ашимов Қасым жүргізіп отырды.
Жарыстың шымылдығын ашып беру үшін сөз кезегі, ең алдымен, ҚМДБ-ның Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқайға берілді.
Бас имам өз сөзінде Құранның қадір-қасиеті мен бүгінгі өтіп жатқан Құран жарысының маңызына тоқталып өтті. Құран жарысына қатысушы қариларымызға сәттілік тілеп, көрермен жамағатқа алғыс білдірді.
Іріктеу сайысына Алматы қаласы бойынша 25 үміткер қатысты. Атап айтқанда, Құран Кәрімді жатқа оқу бойынша 30 параға – 4 үміткер, 20 параға – 6 үміткер, 10 параға – 7 үміткер, ал мәнерлеп оқу бойынша – 8 үміткер өзара бақ сынады.
Құран жарысының іріктеу сайысына төрелік еткендер – ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы, «Байкен» мешітінің бас имамы Данияр қари Жұмабаев, Алмалы аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін қари Әміре, Әуезов аудандық «Ақсай» мешітінің бас имамы Бақтияр қари Қыдырбекұлы, «Қайрат» мешітінің ұстазы Серік қари Ахметов болды.
Қариларымыз күні бойы Құран оқып, көрермендердің құлақ құрышын қандырып, жандарын илаһи нұрға бөледі.
Тартысты өткен бәсекеде 4 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болған қариларымыз Ұмра қажылығы мен қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, жарысқа қатысқаны үшін басқа қариларымызға да тарту-таралғылар жасалды. Бұл жүлделерді жарыс төрешілері мен ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлы табыстады.
Жарыс соңында Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай Құран жарасына қатысқан қарилар мен шараны ұйымдастырушыларға және «Д.Қонаев» мешітінің ұжымына өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ІХ республикалық Құран жарысына жолдама алған жеңімпаз қариларға сәттілік тіледі.
ІХ республикалық Құран жарысының іріктеу сайысының жүлдегерлері төмендегідей марапаттарға ие болды:
Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Розиков Авзалшо (Ұмра қажылық)
ІІ орын – Абишев Қуаныш (150 000 тг)
ІІІ орын – Сұлтанбай Назар (120 000 тг)
Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Кенешбай Қуаныш (120 000 тг)
ІІ орын – Сейтқасым Нұртілеу (100 000 тг)
ІІІ орын – Тасбулатов Бекзат (75 000 тг)
Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Қуанышбеков Ахмад (75 000 тг)
ІІ орын – Есімбек Арсен (50 000 тг)
ІІІ орын – Әділбек Әбдінұр (35 000 тг)
Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша:
І орын – Қасым Нұрасыл (50 000 тг)
ІІ орын – Қуанышұлы Дәулет (35 000 тг)
ІІІ орын – Ермекбай Жайық (20 000 тг)
Жоғарыдағы 4 номинаия бойынша жүлделі І орын иегерлері 2020 жылдың 21-22 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ІХ республикалық Құран жарысына жолдама алды.
Қариларымызға Алла разы болсын!
ІХ республикалық Құран жарысының Алматы қаласы бойынша іріктеу сайысының тікелей эфирден көрсетілген толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар:
https://www.youtube.com/watch?v=Vz1dkMuKRS8&feature=youtu.be
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі