АЛМАТЫДА БЕС ТОМДЫҚТЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ (ФОТО)
Алматы қаласында әйгілі ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай жарық көрген «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол...» бес томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында өткізілген ғылыми-танымдық конференцияға Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы, «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов, төрағасы Жансая Бердімұратқызы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директорлары Кенжехан Матыжанов, Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы қатысты және қазақ тарихы мен әдебиетіне еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдері, ЖОО, мектеп, кітапхана басшылары, Алматы облысына қарасты аудан әкімдігінің қызметкерлері, сараптама кеңесінің мүшелері қатысты.
«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен оқырманға жол тартқан бес томдық кітапқа Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы шығармалары енген. «Ақындық шеберлігін асыл дініміздің құндылықтарын насихаттауға арнаған Мәшһүр Жүсіп шариғаттың шарттарын халыққа өлеңмен жеткізді. «Ғылымсыз қылған ғамал – құр қиналу» деген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын қызыл тілге жүйрік әрі даналық ойдың кені деуге болады», - деп атап өтті қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы.
Басқосуда кітапты құрастырушы, филология ғылымдарыны кандидаты Төрәлі Еділбайұлы бұрынғы текстологиялық қателіктерді түзетіліп шыққан кітаптың не жайында екеніне шолу жасады. Талқылау барысында сөз алған ғалымдар мен қонақтар құтты болсын айтып, бұл кітап студенттерге, мектеп оқушыларына, жалпы кітапсүйер қауымға баға жетпес қазына екендігін жеткізді.
Іс-шараның негізгі бөлімінде бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асановтың бастамасымен және М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ғалымдарының қолдауымен шығарылған М.Көпейұлының бес томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсауы кесіліп, жинақ Алматы қаласы мен облысындағы ЖОО, мектеп, кітапхана мен мешітке тегін ұсынылды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі