АЛМАТЫДА АЛҒАШҚЫ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Алматы Орталық мешітінде алғашқы тарауих намазы оқылды.
ҚМДБ Наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мешіт жамағаты мен қала тұрғындарын келіп жеткен он екі айдың сұлтаны Рамазан айымен құттықтап, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Наиб мүфти тарауих намазының оқылу тәртібін түсіндіріп, хатым өтетін қариларды таныстырды. Биылғы Рамазанда «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының Алматы қаласы Құран ижаза бөлімінің директоры Ақжолтай Бақытжан, астаналық Қайырбай Дәукен қарилар Орталық мешітте хатым Құран түсіретінін жеткізді. Екі қари да бірнеше Құран жарыстарының жеңімпазы екенін айта кету керек.
Мешіт имамдары дүйім жұрт асыға күткен рамазан айының келуімен жамағатты құттықтап, сауапты айдың шарапатынан құр қалмай, Рамазан айын ықыласты өткізуге шақырды. Рамазан құндылығын қадір тұтқан жамағатпен 20 ракағат тарауих намазы оқылып, ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.
Сондай-ақ қаланың 50 мешітінде алғашқы тарауих намаздары оқылып, хатым Құран басталды. Келіп жеткен он екі айдың сұлтаны - Рамазан айы құтты болсын!
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі