Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамалары мен Орталық мешіттің тапсырмаларының орындалу барысын сараптау және нәтижелерімен танысу мақсатында, үстіміздегі жылдың қыркүйек-қазан айларында, Алматы аудандарында көшпелі жиналыс өткізу жоспарланған-ды. Соған орай, кезекті көшпелі жиналыс Медеу ауданында өтті.
«Аманқұл ата» мешітінде өткен жиынға Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Орталық мешіттің арнаулы қызметкерлері және Медеу ауданы мешіттернің бас имамдары, наиб имамдары, іс басқарушылары және азаншылары қатысты.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Жиналыста ҚМДБ және Алматы Орталық мешіті тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысына талдау жасалды. Сондай-ақ, дін қызметкерінің тұлғалық келбеті мен жамағатпен жұмыс жасау әдебі, мешіттің тыныс-тіршілігі мен ішкі-сыртқы тәртіп мәселелері талқыланды.
Бас имам өз сөзінде ағымдағы жылда атқарылған істердің бір парасына тоқталып, атқарылған игі істерге оң бағасын берді. Алдағы уақытта атқарылуға тиісті жоспарлардың жай-жапсарын түсіндірді.Сонымен қатар, ҚМДБ-ның төрасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен жоғары деңгейде өткен қарилардың Құран оқу жарысы, Рамазан айы мен Құрбан айт мерекесі және «Мектепке жол» акциясы аясында өткен шараларға бірме-бір тоқталып, осы жолда аянбай қызмет еткен дін қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді.
Жиында Медеу ауданы, Аманқұл ата мешітінің бас имамы Серікхан Ахмадиев, Омар ибн әл-Хаттаб мешітінің наиб имамы Дарханбаев Асқар, Орталық мешіттің іс басқарушысы Ержан Назарбек сөз алып аудан мешіттерінің атқарған жұмыстарын сараптап өтті. Бас имам аудан мешіттерінің жұмысына оң баға беріп, кейбір олқылықтар мен кемшіліктерге тиісті сын-ескертпелерін айтты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі