Мешіт қызметкерлерінің белсенділігін арттыру және мешіт ісін жандандыру мақсатында, үстіміздегі жылдың қыркүйек-қазан айларында, Алматы қаласы бойынша көшпелі жиналыс өткізу жоспарланған-ды. Соған орай, кезекті көшпелі жиналыс Жетісу ауданында өз жалғасын тауып отыр.
Жиынға Жетісу ауданы «Әли-Мұхаммед» мешітінде өтті. Бұл басқосуға Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Орталық мешіттің арнаулы қызметкерлері және Жетісу ауданы мешіттернің бас имамдары, наиб имамдары, іс басқарушылары және азаншылары қатысты.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Бас имам өз сөзінде ағымдағы жылда атқарылған істердің бір парасына тоқталып, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің игі бастамаларының бас-қасынан табылып жүрген дін қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқарылуға тиісті жоспарлардың да жай-жапсарын түсіндірді.
Содан «әл-Мадина» мешітінің Бас имамы Көптілеуов Бақытжан өз баяндамасында Жетісу ауданы мешіттерің тыныс-тіршілігімен таныстырды. «Амин» мешітінің наиб имамы Нұрмахамбетов Парахат наиб имамдардың жауапкершілік қызметі туралы баяндама оқыды.
Ал Орталық мешітінің бас ұстазы Сапанов Талғат №1, №2 хаттамаларда берілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстары негізінде сараптамалық баяндама жасады.
Жиында мешіт имамдарының жауапкершілік қызметін арттыру, этикалық ұстанымын айқындау және тұлғалық келбетін қалыптастыру, мешіттің ішкі-сыртқы тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ағартушылық және шаруашылық жұмыстарын жандандыру сынды мәселелер тілге тиек етілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі