Алматы Орталық мешітінде жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша биыл да Ашура оразасын тұтқан жамағатқа арнайы ауызашар дастарханы жайылды.
Ең алдымен Орталық мешіттің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы сөз алып, мұхаррам айының қасиеті мен Ашура оразасының мән-маңызына тоқталды. Бас имам одан әрі сөзін жалғап:
«Мұхаррам айы кіріп келісімен мұсылмандардың ерекше атап өтетін қасиетті Ашура күні бар. Бұл күн аталмыш айдың 10-ыншы жұлдызына сәйкес келеді. Бұл күнде исі мұсылмандар «Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза» деген хадиске амал ету мақсатында Ашура күнінің сүннет оразасын тұтып, ауыз бекітеді. Сондай-ақ Алла елшісі Ашура күні ораза тұтқан адамның бір жылдық күнә-қателіктері кешірілетін айтып сүйіншілеген. Құрметті жамағат, қасиетті күнде жасаған ғибадат-құлшылықтарды Алла Тағала өз құзырында қабыл етсін», – деп дұға етті.
Берекелі басқосуыдың соңы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы, білікті ұстаздар, исламтанушы ғалым Ерсін Әміренің дәрісіне ұласты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі