Алматы қаласы мешіттерінің ауласында жұма намазы оқылды
Бүгін Алматы қаласы мешіттерінің ауласында карантиндік қатаң талаптар негізінде көптен күткен жұма намазы оқылды.
Қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай Алматы Орталық мешітінде жұма намазын жүргізді.
Бас имам жұма уағызында, ең алдымен, мешіттердің ашылуына мүмкіндік берген Алла Тағалаға мадақтар айтып, баршаны Рамазандағы осы қуанышпен құттықтады. Бейбітшілік пен денсаулық сынды ұлы нығметтердің қадірін білуге, елдің амандығы үшін көп дұғада болуға, жұқпалы індеттен сақтанып жүруге және мешіт ауласында жұма намазы кезінде санитарлық талаптарды ескеруге шақырды. Сонымен қатар, Рамазан айының қадір-қасиеті мен Құранның асыл құндылықтарына тоқталды.
Бас имам жұманың құтпасын оқып, елдің тыныштығы мен амандығы үшін дұға жасады. Жұмаға келген жамағат санитарлық талаптарды сақтап, құлшылығын өтеді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі