Бүгін, Алматы қаласы Наурызбай ауданы Абу Бакр мешітінде, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлының қатысуымен кезекті көшпелі жиналыс болып өтті. Бұл келелі басқосуға Наурызбай ауданы мешіттерің бас имамдары, наиб имамдары, іс жүргізушілері және азаншылары қатысты.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Жиналыста үстіміздегі жылда ҚМДБ және Алматы Орталық мешіті тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысына талдау жасалып, дін қызметкері мен жамағаттың арақатынасы, мешіттің тыныс-тіршілігі мен ішкі-сыртқы тәртіп мәселелері талқыланды.
Бас имам: «Құрметті дін қызметкерлері, ағымдағы жылы, біз, Алматы қаласы мешіттері жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, қасиетті Рамазан айы мен Құрбан айт мерекесін ойдағыдай жақсы өткіздік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің тапсырмасының негізінде, Алматы қаласы бойынша, жалпы есепте, әлеуметтік аз қамтылған 8954 отбасыға және қарттар үйі, жетімдер үйі, зағиптар одағы сынды 34 мекемеге 45 тонна ет үлестірілді. Сонымен қатар, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында Алматы Орталық мешітінде 1300 балаға сыйлық жасалды. Бұл, әрине, біздің бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығарған ынтымақ пен бірлігіміздің арқасы деп білемін», – деп көшпелі жиналысқа келген жамағаттың көңілін бір өсіріп қойды.
Содан, сөз кезегі ең алдымен Наурызбай ауданы Абу Бакр мешітің Бас имамы Ахметов Мадиге беріледі. Ол өз баяндамсында Наурызбай ауданы мешіттерінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, ағымда жылда жеткен жетістіктері мен алдағы уақытта атқарылатын істердің жоспары туралы айтты.
Келесі сөз кезегін наиб имамдардың жауапкершілік қызметі туралы баяндама жасауға Қарағайлы мешітінің наиб имамы Серік Мағаз алды. Ол да өз сөзінде аудандағы наиб имамдар қызметінің нәтижелері мен мазмұны туралы тиянақты ақпар берді.
Ал, Орталық мешіттің бас ұстазы Талғат Сапанов жоғары тараптан берілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстарына сараптамалық баяндамасын оқыды. Бұл баяндамада берілген тапсырмалар мен атқарылуы баса айтылып, жоғары тарап бекіткен міндеттемелердің уақытылы орындалып, орындалмау жағы да назардан тыс қалған жоқ.
Соңынан Бас имам Наурызбай ауданының жақсы көтсеткіштері оң бағасын беріп, кейбір олқылықтар мен кемшілктерге тиісті сын-ескертпелерін айтты. Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету; ас, жаназа және жиын тәртібі; мешіттің қажетті журналдарын ашу; ақпарат тақтасының дүрыстығы; мешіттердің әлеуметтік парақшаларының белсенділігін арттыру; бас имамдардың жауапкершілігі мен мешіттерде өтілетін дәрістердің бейне-аудио жазбаларын түсіріп, орталыққа жіберу сынды мәселелер атқарылуы күн тәртібіне қойылды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі