АЛМАТЫ: МЕШІТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ФУТБОЛ ЛИГАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ (ФОТО)
Алматы қаласына қарасты мешіт жамағаттары арасында 5 айға жалғасқан футбол лигасы өзінің ақтық мәресіне жетті. Аталмыш дода Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Асыл мұра» бағдарламасы аясында Нархоз университеті стадионында өтті.
Сайысқа 314 командадан 2600-ге жуық ойыншы қатысты. Олар аталған уақыт аралығында өзара бақ сынады. Тартысты өткен жарыста ақтық мәреге кіл мықтылар жолдама алды. Нәтижесінде 1 орынды – Медеу ауданының «Нұрлы» мешіті, 2 орынды – Әуезов ауданының «Мүзаммиль» мешіті, ал үшінші орынды – Жетісу ауданының «Али-Мұхаммед» мешіті иеленді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының бастығы Айдар Есенбек және Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубоктар, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз командаға 1 млн теңге табысталды.
Сондай-ақ, жарысты ұйымдастырып, бас-қасында жүрген азаматтардың еңбектері еленіп, оларға да мақтау қағаздары мен сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетер жайт, осы лиганың былтырғы чемпиондары болып Төле би мешіті атанған болатын (Алмалы ауданы).
Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі