Алматы: Бас имам Түрксіб ауданына қарасты мешіттермен танысты (ФОТО)
Алматы қаласының Бас имамы Төлеби қажы Оспан Түрксіб ауданы имамдарымен Абдулла мешітінде жүздесіп, ауданға қарасты 8 мешітті толық аралап шығып, олардың тыныс-тіршілігімен жіті танысты.
Бас имам Түрксіб ауданы имамдарымен кездесу барысында күн тәртібіндегі мешіт істеріне қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың жеті бағыты мен аудан мешіттерінің жылдық жоспарын пысықтады. Сондай-ақ, мешіт қызметкерінің жұмыс тәртібі, мешітке келушілерге қызмет көрсету сапасы, уағыз-насихат пен қайырымдылық және оқу-ағарту мен жат ағым бағыттарын жандандыру жайы сөз болды. Сонымен қатар, Бас мүфтидің бастамасымен жарық көрген «Ихсан рухани тәрбие негізі» кітабы таныстырылып, жамағат арасында кеңінен насихаттау мәселесі айтылды. Бұдан бөлек, аудан мешіттерінің халыққа көрсететін қызметін жоғары деңгейге көтеру керектігін ескертті.
Кездесу барысында аудан имамдары өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ойларын айтты.
Бас имам ауданға қарасты мешіттердің тыныс-тіршілігімен танысу барысында кейбір мешіттердің қызметін жетілдіруге қатысты сын-ескертпелерін айтып, тиісті тапсырмаларын берді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі