5 шілдеден бастап мешіттер жұмысына шектеу қойылды
5 шілдеден бастап Үкіметтің қаулысы бойынша екі аптаға карантин шектеулері енгізілді.
Карантин кезінде бірқатар нысандардың қызметіне тыйым салынады. Қызметі уақытша тоқтатылған нысандар қатарында діни нысандар да бар. Демек кешеден бастап екі аптаға дейін мешіттер қайта жабылып, мешіттерде бес уақыт намаз, Құран оқыту, неке қидыру және басқа да құлшылық жасау уақытша тоқтатылады. Алайда бес уақыт намазға азан айту тоқтатылмайды.
Діни, басқа да нысандардың қызметіне уақытша тыйым салу – жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында жасалып жатқан шара. Сондықтан үйде оқшауланып, карантин талаптарын қатаң сақтап, құлшылықтарды үйде атқарып, сабыр сақтауларыңызды сұраймыз. Себебі өзімізге қамқорлық – өзгелерге жасалған қамқорлық.
Халқымыз қайтадан қалыпты өмір тіршілігіне көшіп, жұқпалы індеттің жер бетінен тезірек жойылуын Алладан тілейміз! Ел аман, жұрт тыныш болсын!