РАМАЗАННАН КЕЙІНГІ ЖАҒДАЙЫМЫЗ...
Рамазан жүректегі иманға серпіліс берді. Рамазан айында рухани ауаны жұтып, оның әсерін айналадан сезіне алдық. Пендешілікпен ағайын-туыс, көрші-қолаң және әріптестің арасына түскен сызатты жойып, қайта татуластық. Көңілдегі реніш кетті. Ендеше, осы алған тура бағытымыздан танбау сіз бен бізге ұлы бір міндет.
Рамазан – бізге нәпсіні тізгіндеуді үйретті. Өзгеге көмектесуді үйретті. Рамазан – бізді Құранға ғашық етті. Сағаттап құлшылық жасауға тәрбиеледі. Рамазан – бізге сабырлы адамның бейнесін көрсетті. Райяан қақпасын қағармыз деген үміт сыйлады. Рамазан – Жаратқанның Өзі ғана өлшеп беретін сауапқа жетеледі. Рамазан арқылы Жаратқанға жақындауға тырыстық.
Ендеше, ораза ұстаған бауырым, рамазаннан кейін осы асыл қасиеттерді бойымызға сіңірген қалпымызда қалуға тырысайық! Құран – әрқашан айнымас досыңыз болсын. Сабыр – әрбір жетістікке жетуге, әр шыңды бағындыруда жәрдемші болсын. Жомарттық – мұқтажға көмек қолын созуға жетелесін. Бойыңыздағы күш-қайрат елді елдестіруге, жақсылық жасауға жұмсалсын. Білім-парасатыңыз – Алланы тануға, жағымды жаңалық ашуға арналсын. Батырлығыңыз – әлсізге күш көрсетуге емес, оларға қорған болуға бағытталсын. Рухани жаңғыруға жол ашқан Рамазанмен қайта қауышуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әмин!