РАМАЗАН - БЕРЕКЕТ ПЕН МҮМКІНДІК АЙЫ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құтпасын жалғастыра отырып, рамазан айының ерекшіліктерін баяндайды: «Бұл – сабыр айы. Сабырдың түбі жәннат». Бұл айда адам баласы өзін толық тәрбиелеп, етек-жеңін жиып, ғибадаттары мен жауапкершіліктеріне мұқияттылықпен қарайды. Яғни, ораза ұстап жүрген кезде, ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан өзін тияды. Адам құқығына мән беріп, біреудің мазасын алатын ұрыс-керіс, төбелес сияқты жағымсыз әрекеттерден бойын аулақ ұстайды. Тіпті пайдасыз әңгіме, ұялы телефон шұқылап әлеуметтік желілерде отыру, теледидардың алдында бос уақытын өткізу сияқты өмірде ешқандай пайдасы болмаған дүниелерден нәпсісін ауыздықтап тәрбиелейді. Әрине, бұлардың бәрін іске асыру үшін сабырлы болу заңдылық. Сол үшін Рамазан айы сабыр айы ретінде сипатталған. Сабыр сақтап, қажырлы еңбек пен маңдай тер төгудің жемісі ақыретте жәннат деп көрсеткен.