МӘУЛІТ МҮБӘРАК БОЛҒАЙ!
Ардақты ағайын, қадірменді бауырлар! Адамзаттың абзалы, екі дүние сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – мәуліт мерекесі мүбарак болсын.
Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам мәуліт мерекесі деп аталады.
Күллі мұсылман қауымы құрмет тұтар мерейлі мәуліт - салауат пен тәлім-тәрбиеге толы рухани басқосулар айы. Екі дүние сұлтаны: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он жарылқау береді», - деп сүйіншілеген. Мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға салауат айтылып, Тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда.
Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал пайғамбардың өнегелі өмірі мен өсиетін, ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – дін жанашырына ортақ игі іс. Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы сәті. Құран Кәрімде: «Расында, Алла пайғамбарға шексіз нығметі мен рақымын төгіп мерейін өсіруде. Ал, Оның періштелері пайғамбарға үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!», - деп ардақты пайғамбарымызға салауат айтуға үндейді.
Тағылымы мол мәуліт айында Алланың қолдауымен әз пайғамбар сүннеттерін жандандырып, туған-туыстарымызға жақсылық жасауды нәсіп етсін. Бүкіл ғаламға Алланың мейірімі етіп жіберген Елшінің есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс. Осынау мәуліт мерекесі барша мұсылмандарға құтты, берекелі ай болғай! Алла Тағала тәуелсіз елімізге тыныштық, халқымызға берекет жаудырып, бірліктен айырмасын. Ел үшін игі істерімізді Алла қолдап дұғамыз қабыл болсын!
Алматы қаласының бас имамы
Төлеби Оспан