1-МАУСЫМ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – мейірімге толы мереке. Себебі баланың қуанғанынан, оның шат күлкісінен артық ештеңе жоқ. Біз үшін балаларымыздың болашағы маңызды. Өйткені олар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын нағыз кемел ұрпақ. Сондықтан оларға сапалы білім, жақсы тәрбие беру – бізге міндет.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Адам дүниеден өткенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы, таратқан білімі және салиқалы ұрпағының дұғасынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген болатын. Демек салиқалы ұрпақ өсіру – сауабы мол салиқалы іс. Ондай ұрпақ ата-анасының жүзін жерге қаратпайды, перзенттік борышын адал атқарып, тіпті ата-анасы дүниеден өтсе де олар үшін үнемі дұға етіп, жақсы амалдары арқылы сауаптың үзілмеуіне себепкер болады.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді бабаларымыз. Ендеше, ұлттың болашағын ойласақ, ұрпақ тәрбиесін ұмытпағанымыз абзал! Балаларымыз бақытты болсын!