«ТЕКТІ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫМЫН» АТТЫ ІС -ШАРА ӨТТІ
ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы өкілдігі Алатау ауданы «Әл-Әзим» мешітінің жанынан құрылған «Алқа» жасөспірім қыздарды дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Текті қазақ қызымын» атты іс-шарасы өтті.
Шараның мақсаты ұлт жадынан ұмыт бола бастаған имани құндылықтарды қайта жандандыру, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді жасөспіріп қыздарға ұғындыру, дін мен дәстүрді біріктіре отырып қыздардың қоғамдағы орнының құнды екенін сезіндіру.
Топқа бөлініп, «Тарихты білген ұрпақтың тамыры бекем» демекші түрлі ойын түрінде сұрақтарға жауап беріп, өзара білім сайыстырды. Қыздар қазақтың ұлттық тағамдарынан және ұлт жадынан ұмыт бола бастаған жүн түту, кесте тігу, түйме қадау сияқты қолөнер түрлерінен де жарысқа түсті. «Дұға-ғибадаттың негізі», - демекші, жасөспірім қыздар санаулы минуттарда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен дұғаларды да жаттап, қабілеттерін көрсетті.
Қызықты, әрі тың жоба негізіндегі шара ұйымдастырушыларына ата-аналар алғыстарын айтып, ризашылығын білдірді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі