АЛМАТЫДА «НҰР» МЕШІТІ ҚАЙТА САЛЫНЫП ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Бүгін қасиетті жұма қарсаңында күрделі жөндеу жұмысы аяқталған Алатау ауданындағы «Нұр» мешіті жамағатқа қайта есігін ашты.
Мешіттің салтанатты ашылуына Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, аудан имамдары мен жанашыр демеуші жамағат, ақсақалдар қатысты. Қаланың бас имамы мешіт жамағатына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізді. Сонымен қатар мешіт кітапханасына «MUFTYAT» баспасының құнды кітаптар жиынтығы мен Алла аты жазылған бағалы сыйлық табыстады.
Жаңа мешітте Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы «Отбасын асырауда ер азаматтың міндеттері» тақырыбында жұма уағыз жүргізді. Асыл дініміз Исламда әйел адамның ері алдында орындауы керек міндеттері болғанындай, ер адамның да әйелі алдында атқаратын міндеттері бар екенін айтып, ер азамат отбасының негізгі жауаптысы әрі тәрбиешісі екенін, отағасы жағынан көркем сипаттар көрініс табуы қажеттілігін жеткізді. Уағыз соңынан қаланың бас имамы жамағатпен бірге жұма намазын оқыды.
«Нұр» мешітінің алғашқы іргетасы 1992 жылы қаланып, 240 адамға арналған мешіт халық иігілігіне берілсе, бүгінде ескі мешіт түгелдей сүріліп, орнына бір мезетте 1300 адам құлшылық жасауына жағдай жасалған жаңа мешіт бой көтерді. Мешітке заманауи жылу қазандықтар, аспалы шамдар, жиһаздар, есіктер, дыбыс күшейткіш аппараты қойылды. Жөндеу жұмысы барысында еденге жылу жүйесі жүргізіліп, жаңа кілем төселді. Мешіт қабырғасының іші-сырты, баспалдақтар, ауладағы бастырмаға сырлау, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мешіт жанынан «Шапағат» қайырымдылық жеке мекемесі бой көтерген. Күрделі жөндеу жасалған ауқымды игі шара мешіт жанашырлары, демеушілерінің қолдауымен іске асты. Осы орайда қаланың бас имамы Төлеби Оспан демеушілерге алғыс хат беріп, жамағат атынан ризашылығын жеткізді. Мешіттің күрделі жөндеуден өтуіне себепкер әрі толық ұйымдастырушысы мешіт имамы Олжас Рахматбекұлын да алғыс хатпен марапаттады.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі