Бүгін, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен Алматы орталық мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.
Бұл шара аясында әлеуеттік аз қамтылған отбасылардан 1300 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толтырылған мектеп сөмкелері табысталып, Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай «Құрбан айт құтты болсын» айттық сыйлық қорапшалары үлестірілді.
Шараға Алматы қаласының кәсіпкері, солардың ішінде, атап айтқанда Алматы қаласы бойынша мәслихат депутаты, білікті кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов және «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры мен «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығы демеушіліктерін көрсетті. Бұл игілікті іске Алматы қаласы мешіттерінің имамдары да өз үлестерін қосып, айлықтарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсады.
Сөз кезегі, ең алдымен, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлына берілді. Бас имам өз сөзінде бүгінгі шараның мән-маңызына тоқтала келе:
«Мектепке жол алған, қадірменді оқушылар, барлығыңызға сәт сапар тілеймін. Сіздер, «оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген сөзді ұрандата отырып, еліміздің ертеңіне берік кірпіш болып қалануларыңыз керек. Ол үшін дінімізде әрбір мұсылман ер мен әйелге білім алу парыз екенін ұмытпай, күндіз-түні талмай еңбектенулеріңіз керек. Сондай-ақ, Құранның алғашқы түскен сөзі де «оқы» дегенін қаперлеріңізге сала кеткенім жөн. Сондықтан да сіздердің алдағы өмірде алар асларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын деймін. Сонымен қатар, еліміздің болашағы болған жастарымызға әрқашан осылай қолдау білдіріп, оларға қамқорлық жасау әрбір қазақ азаматының, «мен – мұсылманмын» деген адамның міндеті, қасиеті борышы екені даусыз. Бүгін біз соның жарқын мысалына куә болып отырмыз. Мінеки, жас бүлдіршіндерімізге қуаныш сыйлап, мектепте сапалы білім алуына жағдай жаратып беріп отырған кәсіпкер азаматырмызға Алла разы болсын!» – деп жүрекжарды тілегін білдіріп, шараны ашып берді.
Одан әрі Алматы қаласы Дін істер басқармасының басшысы Айдар Есенбеков аталмыш шараға құттықтау сөз сөйлеп, мектеп оқушыларына келелі кеңестерін айтты.
Осындай игілікті істің басы-қасынан табылып жүрген Қайрат Құдайбергенов та сөз алып, балаларға өзінің бала кезден көрген қиындықтарымен айтып, өмірде жақсы азамат боп қалыптасу үшін тынбай оқып, талмай еңбектену керектігін ұқтырды.
Содан Бас имам мен Қайрат Құдайбергенов және Айдар Есебеков өз қолдарымен балаларға сыйлықтар ұсынды. Ата-аналар өз алғыстарын білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға ақжарма тілектерін арнады. Балаларда да өздерінің шынайы ризашылықтарын қуанышқа толы жанарларымен сездіріп тұрды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі