«БЕКЕТ АТА» МЕШІТІНДЕ ИМАМДАРҒА ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Алматы қаласы Дін істері басқармасы «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының ұйымдастыруымен қаладағы мешіт қызметкерлеріне арналған екі күндік арнайы оқыту семинары өтті.
Аталған шара діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу мақсатына бағытталып, қатысушылардың теология мен дәстүр саласындағы біліктілігін арттыруды көздеді. Семинар бағдарламасы мазмұнды тақырыптар мен өз ісінің мамандарының қатысуымен ерекшеленді. Шараның бірінші күні исламтанушы, РhD докторант Руслан Қамбар шешендік өнердің діни құндылықтарын халыққа жеткізудегі маңызы туралы дәріс окыды. Одан кейін исламтанушы Бағылан Шежімбай заманауи ақидалық мәселелер төңірегінде қатысушыларға кеңінен түсіндіріп берді.
Семинардың екінші күні ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі, профессор Алау Әділбаев ислам ой санасының дамуы мен діни мәтіндерді дұрыс түсіну жолдары туралы өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, философия ғылымдарының РhD докторы Сырым Шәкизада қазақ халқының дәстүрлі діни танымындағы матуриди сенім мектебінің орны мен маңызы туралы құнды мәліметтер жеткізді.
Семинар сонында Алматы каласының бас имамы Төлеби Оспан катысушыларға арнайы сертификаттар табыстап, екі күн бойы алынған білімнің имамдык кызмет барысында пайдалы болатынына сенім білдірді.
























